09/14/2026 | Press release | Distributed by Public on 09/14/2026 04:37
14 қыркүйекте Сеулде Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин бастаған «Бәйтерек» холдингінің делегациясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясындағы іскерлік бағдарламасын бастады. Күн ішінде Кореяның жетекші қаржы, инвестициялық және өнеркәсіптік ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өтті.
Келіссөздерге Холдингтің еншілес ұйымдарының басшылары да қатысты: Қазақстанның Даму Банкінің Басқарма төрағасы Марат Елібаев, Qazaqstan Investment Corporation Басқарма төрағасы Дидар Кәрімсақов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев, Қазақстанның Даму Банкі Басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева және «Даму» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Бапаев.
«Бүгінде «Бәйтерек» холдингі Қазақстанға ұзақ мерзімді капитал, озық технологиялар және халықаралық сарапшылық тәжірибені тарту мақсатында Кореяның ірі қаржы және инвестициялық институттарымен жұмысты жүйелі түрде жолға қоюда. Әрбір кездесудің практикалық мақсаты айқын - перспективалы жобаларды белгілеу, қаржыландыру құралдарын іріктеу және оларды іске асыруға көшу. Бұл жұмыстың нәтижесі жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық нысандардың іске қосылуы, технологиялық компаниялардың дамуы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы болуға тиіс. Холдинг өзінің еншілес ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіре отырып, инвесторларды барлық кезеңдерде сүйемелдеуге дайын», - деп атап өтті Рустам Қарағойшин.
Кореяның ірі қаржы топтарының бірі Shinhan Financial Group-пен кездесу барысында тараптар Қазақстанның Даму Банкі үшін кредиттік желілер ашу, синдикатталған және жобалық қаржыландыруға қатысу, сондай-ақ «Даму» қорының құралдары арқылы шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін талқылады. Ынтымақтастықтың ықтимал көлемі 500 млн АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.
Кореяның мемлекеттік экспорттық-кредиттік агенттігі K-SURE-мен келіссөздер кореялық жабдықтар мен технологиялар жеткізілетін жобаларды сақтандыру арқылы қолдау мәселелеріне арналды. Алғашқы бірлескен жоба ретінде Екібастұз қаласындағы ферросилиций өндіретін «Mineral Product International» ЖШС зауыты қарастырылуда. Жоба бойынша 200 млн еуроға дейінгі мақұлданған лимит шеңберінде K-SURE сақтандыруымен 48 млн еуро тарту пысықталуда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 160 мың тонна өнімді, оның ішінде бірінші кезеңде 80 мың тоннаны құрайды.
Кореяның ең ірі тәуелсіз инвестициялық-қаржы топтарының бірі Mirae Asset-пен кездесуде Qazaqstan Investment Corporation-ның перспективалы технологиялық компанияларға инвестиция салуға арналған SparkLabs Mirae Silkroad Fund I, L.P. венчурлік қорына қатысуы қаралды. Қордың нысаналы мөлшері 65 млн АҚШ долларын құрайды, QIC-тің зәкірлік инвестор ретінде қатысуы 10 млн АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Басым бағыттар қатарында жасанды интеллект, бұлтты инфрақұрылым және қаржы технологиялары салаларындағы жобалар, соның ішінде Корея мен АҚШ нарықтарына шығуға бағдарланған қазақстандық компаниялар бар.
KIND президенті әрі бас директоры Ким Бок Хванмен келіссөздердің жеке тақырыбы бірлескен Қазақстан-Корея инвестициялық қорын құру болды. KIND - шетелдегі инфрақұрылымдық және қала құрылысы жобаларын қолдайтын мемлекеттік корпорация. Алғашқы кезеңде қордың көлемі KIND пен QIC-тің тең қатысуымен 200 млн АҚШ долларын, ал кейіннен 1 млрд АҚШ долларына дейін құрауы мүмкін. Басым бағыттар ретінде көлік және цифрлық инфрақұрылым, логистика, қалалық даму және жаңартылатын энергетика айқындалды. Ықтимал алаңдардың бірі - Алматы облысында заманауи іскерлік, инновациялық және логистикалық орталық ретінде қалыптастырылып жатқан жаңа қала Alatau City. Корея тарапының назарына жалпы құны шамамен 7 млрд АҚШ долларын құрайтын әлеуетті жобалар портфелі ұсынылды.
Бағдарлама соңында делегация Кореяның ең ірі автомобиль өндірушілерінің бірінің флагмандық орталығы KIA 360-қа барып, компанияның технологиялық шешімдерімен және модельдік қатарымен танысты. Бұл сапар Қазақстандағы қолданыстағы автомобиль жасау саласындағы әріптестікті дамыту жөніндегі мазмұнды диалогтың жалғасы болды. Осы кооперацияның негізгі жобасы - Қостанайдағы инвестиция көлемі 310 млн АҚШ долларын құрайтын Kia Qazaqstan зауыты. Кәсіпорын жылына 70 мыңға дейін автомобиль шығаруға және 1 500 жұмыс орнын ашуға есептелген. Өнеркәсіпті дамыту қоры жылына 40 800 жиынтыққа дейін автокомпонент өндіретін Seoyon E-Hwa кәсіпорнын қаржыландыру үшін шамамен 27 млн АҚШ доллары баламасындағы қаражат бөлу мәселесін де пысықтауда.
Өткізілген кездесулер Мемлекет басшысының қатысуымен 15 қыркүйекте Сеулде өтетін Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесінің XIV отырысына дайындық болды. Оның алаңында жаңа инвестициялық жобалар таныстырылып, екі елдің компаниялары арасында коммерциялық құжаттар алмасу рәсімі өтеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанның өнеркәсіп, инфрақұрылым және технологиялық секторларындағы нақты жобаларды қаржыландыруға көшу үшін негіз қалыптастырады.