11/12/2026 | Press release | Distributed by Public on 11/11/2026 22:32
COP31 конференциясы аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Басқарма төрағасы Марат Елібаев жалпы құны шамамен 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған үш келісімге қол қойды. Қол жеткізілген уағдаластықтар жаңартылатын энергетиканың ірі нысандарын салу және газ саласына цифрлық технологияларды енгізу жобаларын қамтиды.
Қол қойылған алғашқы құжат - «New Clean Energy» ЖШС жобасын бірлесіп іске асыру және қоса қаржыландыру туралы ҚДБ мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арасындағы келісім. Жоба Түркістан облысының Бәйдібек ауданында қуаты 150 МВт жел электр станциясын салуды көздейді. Жобаның жалпы құны шамамен 161,4 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл келісім ҚДБ-ның коммерциялық банктермен жобаларды бірлесіп қаржыландыру жөніндегі жұмысының жалғасы болып отыр. Оның мақсаты - екінші деңгейдегі банктердің өтімді қаражатын экономиканың нақты секторын қаржыландыруға бағыттау және еліміздегі ірі жобаларды бірлесіп іске асыру.
Жобаны іске асыру Түркістан облысында электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Өңірдегі электр энергиясының тапшылығы шамамен 3 млрд кВт·сағ құрайды. Жоспарлы жылдық электр энергиясын өндіру көлемі - 493 229 МВт·сағ, ал парниктік газдар шығарындыларының жанама қысқаруы жылына 349 мың тонна CO₂ болады деп күтілуде.
Екінші келісім «QazaqGaz Aimaq» АҚ-мен жасалды және ұлттық Aqyl Energy жобасын іске асыру үшін құны 293,7 млн АҚШ долларына дейінгі кредиттік желі ашуды көздейді. Бастама Қазақстанның газдандырылған барлық өңірінде табиғи газды есепке алу жүйесін ауқымды цифрландыруды: қашықтан деректер беру функциясы бар 1,35 млн интеллектуалды есептегіш орнатуды және бірыңғай цифрлық есепке алу платформасын құруды қарастырады.
Жаңа технологияларды енгізу газ тұтынуды есепке алудың дәлдігін арттырып, шығындарды азайтуға және газдың ағып кету жағдайларын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобаны іске асыру интеллектуалды есепке алу құралдарын жергілікті жерде өндіруді дамытуға, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Сондай-ақ ҚДБ «Turan Wind Energy» ЖШС-мен Қостанай облысында қуаты 1 000 МВт жел электр станциясын салу және пайдалану жобасын қаржыландыру туралы кредиттік келісім жасады. Жобаның жалпы құны 821,3 млн АҚШ долларына дейін жетеді. Жыл сайынғы жоспарлы электр энергиясын өндіру көлемі 2,9 млн МВт·сағ, ал шығарындылардың жанама қысқаруы жылына шамамен 2,3 млн тонна CO₂ болады деп күтілуде.
Үш жоба да ҚДБ-ның Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және экономиканы жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмысының жалғасы. 25 жылдық қызметі барысында Банк жалпы сомасы шамамен 19 трлн теңгеге 218 инвестициялық жоба мен 151 экспорттық операцияны қаржыландырды. ҚДБ қолдауының арқасында 151 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Тек 2025 жылдың өзінде Банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге 77 жобаны қаржыландырды.
Ескерту: жобалардың құнының долларлық баламасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2026 жылғы 16 қазандағы ресми бағамдары бойынша есептелді: 1 АҚШ доллары үшін 454,14 теңге және 1 қытай юані үшін 67,87 теңге.