11/16/2026 | Press release | Distributed by Public on 11/16/2026 21:51
12-13 қараша күндері Астана қаласында Human and Organizational Performance (HOP) тақырыбында екі күндік стратегиялық сессия өтті. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері, QazaqGaz еншілес ұйымдарының техникалық басшылары мен HSE (еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, өндірістік қауіпсіздік) блогының сарапшылары қатысты.
Сессия аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік секторының аға менеджері Карина Жамбурбаева Қордың өндірістік қауіпсіздік саласына жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесімен бөлісті. Ол SK AI жүйесінің функционалдық мүмкіндіктеріне және оны портфельдік компанияларда іс жүзінде қолдану нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Бағдарламаның негізгі бөлігі адамдық және ұйымдық сенімділіктің басты аспектілеріне арналды. Қатысушылар өндірістік процестердің апатсыз жүруіне адам факторының әсерін талдап, орын алған нақты оқиғалардың кейстерін қарастырды және HOP тұжырымдамасының бес негізгі қағидатын тәжірибеде қолдану жолдарын талқылады.
Кездесуде қызметкерлердің қателік жіберуіне түрткі болатын жүйелік себептер мен алғышарттарды анықтауға, басшылардың көшбасшылық рөліне, сондай-ақ қауіпсіздік сөзсіз басымдыққа ие болатын қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.